Сепсис

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Сепсис (латынша sepsіs — шіру, іріңдеу) — ірің микробтарымен залалданған қаннан дамитын ауру. Сепсистің негізгі қоздырғыштарына стафилакокк, стрептококк, менингококк, т.б. іріңдеткіш микроорганизмдер жатады. Сепсистің дамуында жергілікті іріңді ошақтың сипаты; сол жердегі бактериялардың саны және адамның иммундық жүйесінің әлсіреуі үлкен рөл атқарады. Көбінесе организмнің қабынуы мен іріңді жаралардың асқынуынан, ауыр операциядан, қан кетуден, қоректің жетіспеуінен, аурудан кейін организм әлсірегенде адам Сепсиске ұшырайды. Сепсисте фагоцитоз процесі бұзылып, лейкоциттер сіңіріп алған микробтар жойылмастан жасуша ішінде көбейе бастайды. Лимфоциттер мен моноциттердің белсенділігі төмендеп, иммундық антиденелердің түзілуі бұзылады. Сепсистің орналасқан орнына қарай: терапевтік (өкпенің іріңді қабынуы); бадамша бездік (іріңді баспа); хирургиялық (шиқан шыққанда); гинекологиялық (ауруханадан тыс жасатқан аборттан кейін); урогендік (несеп жолдарындағы іріңді қабынулар); отогендік (іріңді отиттің асқынуы); кіндіктік (нәрестенің кіндігінің айналасындағы қабыну) түрлері бар. Егер инфекцияның қай жерден түскенін анықтай алмаса, оны криптогендік (жасырын) Сепсис деп атайды. Сепсис кезінде науқастың дене қызуы 39 — 40ӘСепсисқа дейін көтеріледі, басы қатты ауырады, асқа тәбеті шаппайды, дел-салданады, кейде есінен танып сандырақтайды, ісінеді, жүрек соғуы жиілеп, тыныс алуы қиындайды. Сепсистің кенеттен дамитын, жедел, жеделдеу және созылмалы (хрониосепсис) түрі болады. Жедел түрі 1 — 2, жеделдеуі 5 — 7 күнде өтеді. Клиник.-морфол. белгілеріне қарай: септицемия, септикопиемия, сепсистік эндокардит болып бөлінеді. Септицемия — Сепсистің метастазсыз түрі. Бұл кезде көкбауыр үлкейіп, лимфа түйіндері ұлғаяды. Ішкі органдарда дистроф. өзгерістер, қабынулар байқалады. Септикопиемия кезінде Сепсистік ошақтар өкпеде, бүйректерде, ми тінінде, жүректе басталады. Іріңді қабыну Сепсис ошағынан айналадағы тіндерге өтіп, іріңді плеврит, перикардит, перитонит дамиды. Сепсистік эндокардит жүрек қақпақшаларынан басталады. Соның нәтижесінде некроз ошақтары пайда болады. Өзгерген қақпақшалар ыдырап, олардың бетінде тромбтар түзіледі. Тромбоз организмде инфаркт ошақтарының қалыптасуына жағдай туғызады. Кейбір жағдайда ішектің, аяқтың және терінің гангренасы дамуы мүмкін. Сепсис — өте қауіпті ауру, сондықтан, көп жағдайда бұл аурумен ауырған адамдар жазылып кетпейді. Емі: Сепсистік ошақтар сақталып қалған жағдайда оларды хирург. жолмен тазартып, антибиотиктермен және антисептиктер қолданып, іріңді тазартып жуып-шаю; антибиотиктер қолданып, организмнің инфекцияға төзімділігін арттыру; құнарлы тағам, витамин беру, қан құю арқылы организмді әлдендіру. Сепсис жануарлар мен мал арасында да жиі кездеседі.